Қарағандыда 17 күзетші жалақысын сот арқылы әрең дегенде өндіріп алды

Автор: Асыл Арман

Сот шешімі заңды күшіне енді

Фото: Видеодан скрин

Қарағанды қаласының 17 күзетшісі сот арқылы 2025 жылғы ақпан және наурыз айларында төленбеген жалақысын өндіріп алды. Өндірілген қаражаттың жалпы сомасы 3 млн теңгеден асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоғарғы соттың мәліметінше, ЖШС қызметкерлері Қарағанды қаласы Ә. Бөкейхан атындағы аудандық сотына жұмыс берушіге қатысты талап арызбен жүгінген.

Компания жалақы бойынша берешектің пайда болуын тапсырыс берушінің шартты біржақты тәртіппен бұзуымен түсіндірген. Жауапкердің айтуынша, контрагент көрсетілген қызметтер үшін ақы төлемеген.

Сот Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші үшінші тұлғалардың өз міндеттемелерін орындауына қарамастан, қызметкерлерге еңбекақысын уақытылы әрі толық көлемде төлеуге міндетті екенін атап өтті.

Сот талқылауы барысында 17 күзетшінің барлығы өздерінің еңбек міндеттерін толық орындағаны анықталды. Бұл кезекшілік кестелері мен күзетілетін нысандардағы тауарлық-материалдық құндылықтарды тіркеу журналдары арқылы расталған.

Бұған дейін Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ЖШС-нің шартты бұзған контрагентке қатысты талап арызын қанағаттандырған. Сот контрагенттен 10,8 млн теңге көлемінде берешек өндіріп алу туралы шешім шығарған.

Сот қызметкерлердің талаптарын негізді деп танып, оларды толық көлемде қанағаттандырды. Нәтижесінде 17 күзетшінің пайдасына 3 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.