Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде саяси модернизацияның жаңа кезеңін айқындап берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде саяси модернизацияның жаңа кезеңін айқындап берді. Осыған байланысты Алуа Сабалақова ой бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Абай облысы бойынша филиалының директорының айтуынша, сөйлеген сөздің басты идеясы — Қазақстанның саяси модернизацияның жаңа кезеңіне қадам басуында. Бірпалаталы заң шығарушы органды құру конституциялық реформаның нәтижесі әрі бүкіл билік жүйесін жаңартудың бастауы ретінде қарастырылады.
Ал «Құрылтай» атауы Ұлы даланың тарихи дәстүрлерімен тығыз байланысты. Бетбұрысты кезеңдерде құрылтайлар мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылау және халықтың тағдырын айқындайтын шешімдер қабылдау үшін шақырылған. Алуа Сабалақованың пікірінше, қазіргі түсінікте Құрылтай өткенге механикалық түрде қайта оралуды білдірмейді. Бұл — Конституцияға, заманауи құқыққа және кәсіби парламентаризм қағидаттарына сүйене отырып жұмыс істейтін жаңа мемлекеттік институт.
«Құрылтайдың бірінші шақырылымының құрамы ерекше мәнге ие. Оның құрамына мемлекеттік және қоғамдық қызметтің әртүрлі салаларында тәжірибесі бар кәсіби де білікті депутаттар кірді. Мұндай кадрлық әлеует қоғамдық маңызы бар мәселелерді мазмұнды талқылауға, жауапкершілік пен ашықтыққа негізделген жаңа парламенттік мәдениеттің негізін қалайды», — деді ол.
Депутаттық жұмыстың ең маңызды бағыттары — заң жобаларын терең зерделеу, олардың әлеуметтік-экономикалық салдарларын бағалау, өңірлердің мүдделерін ескеру және сайлаушылармен тұрақты диалогты ұстану.
«Президент өз сөзінде Құрылтайға кең өкілеттіктер берілетінін баса айтты. Депутаттар бірқатар мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысады, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін қарайды, Жоғарғы сот судьяларын сайлауға қатысады, сондай-ақ Үкіметке сенімсіздік білдіруге құқылы. Бұл заң шығарушы билік тармағын нығайтуға және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін дамытуға ұмтылысты білдіреді», — деді Алуа Сабалақова.
Сондай-ақ Құрылтайдың жұмысы мемлекеттік қызметтің тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты. Заң шығарушы орган мемлекеттік саясаттың құқықтық негізін қалыптастырады, ал мемлекеттік қызметшілер оның іс жүзінде жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Филиал директорының пайымынша,жаңа саяси кезең мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне қойылатын талаптарды арттырмақ.
Алуа Сабалақова мемлекеттік қызметші тек тапсырмаларды орындаушы емес, сонымен бірге шешімдердің салдарларын бағалай алатын және түпкілікті нәтижеге бағдарлана білетін білікті сарапшы болуы тиіс екенін атап өтті.
Оның айтуынша, президенттің Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі ауқымды күн тәртібін белгілеп берді: билік жүйесін жаңарту, заң шығарушы тармақты күшейту, кәсіби парламентаризмді дамыту, заңдардың сапасын арттыру, басқаруды цифрландыру, экономиканы модернизациялау және ұлттық сананы нығайту. Ал бірінші шақырылымның өрелі құрамы кәсіби әрі жауапты парламентті қалыптастыруға қажетті алғышарттар жасайды. Құрылтай заңнамалық негізді қалыптастырады, мемлекеттік қызмет оның орындалуын қамтамасыз етеді, ал азаматтық қоғам қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Тек осы институттардың үйлесімді жұмысы ғана саяси модернизацияны шешімдер деңгейінен азаматтардың өміріндегі шынайы өзгерістерге айналдыруға мүмкіндік береді.
«Қуатты Құрылтай, кәсіби мемлекеттік қызмет және жауапты азаматтық қоғам — заманауи Қазақстанның бір-бірімен тығыз байланысты үш негізгі тірегі», — деп түйіндеді ол.