Бірқатар қалада жаңбыр жауып, күн күркірейді
30 тамызда Қазақстан өңірлерінде ауа райының айтарлықтай айырмашылығы байқалады. Елдің солтүстігінде күндіз термометр бағаны +10 градустың айналасын көрсетсе, оңтүстік өңірлерде аптап ыстық +37 градусқа дейін жетеді. Бірқатар қалада жаңбыр жауып, күн күркірейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде ауа райы салқындайды. Петропавл мен Қостанайда күндіз ауа температурасы +10…+12°C, түнде +3…+5°C-қа дейін төмендеп, күндіз жаңбыр жауады. Көкшетауда күндіз +10…+12°C болады. Астанада ауа температурасы +13…+15°C аралығында сақталып, кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және жел күшейеді. Ақтөбеде күндіз +16…+18°C, түнде +4…+6°C, Павлодарда +17…+19°C, Қарағандыда +18…+20°C болады. Бұл өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.
Шығыс және батыс өңірлерде Өскемен мен Семейде күндіз +20…+22°C болып, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оралда ауа температурасы +20…+22°C, Атырауда +23…+25°C, Жезқазғанда +25…+27°C болады. Ақтауда күндіз +27…+29°C-қа дейін жылынып, жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Оңтүстік өңірлерде аптап ыстық сақталады. Түркістанда ауа температурасы +35…+37°C-қа дейін көтеріліп, жауын-шашын болмайды. Шымкент пен Таразда +33…+35°C, Қонаев пен Талдықорғанда +31…+33°C болады. Алматыда күндіз +31…+33°C күтіледі. Күннің бірінші жартысы жауын-шашынсыз өтіп, түстен кейін қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшеюі мүмкін. Қызылордада ауа температурасы +28…+30°C аралығында болады.