Нұржігіт Тараздағы клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылды
Жол-көлік апатынан ауыр жарақат алған Нұржігіттің қазіргі жағдайы туралы Бақытжан Базарбек жаңа мәлімет айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, науқас Тараз қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінен Тараз қалалық клиникалық ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылған.
«Қазір науқасты Тараз қалалық клиникалық ауруханасына ауыстырамыз. Қалаға келіп емделіп, осы науқасты аяққа тұрғызып, кейін Астана қаласына ауыстырамыз. Астана қаласына өзіміз жеткіземіз», – деді Бақытжан Базарбек.
Ол кейінірек Нұржігіттің клиникалық ауруханаға реанимобильмен қауіпсіз жеткізілгенін хабарлады.
«Тараз қалалық клиникалық ауруханасына науқасты жеткіздік. Науқастың тиісті анализдерінің барлығы алынды. Денсаулығына ешбір зиян келмей, қауіпсіз жеткізілді. Енді әрі қарай осы жерде науқасты емдеу жалғасады», – деді ол.
Нұржігіттің анасы Айша апа да ұлының сауығып кетуін тілеп, қазақстандықтардан дұғада болуды сұрады.
«Балам, Алла қаласа, жазылып кетеді. Алла шипасын берсін. Қазақ халқым, балам үшін дұғада болыңдар. Жазылып, аяғынан тік тұрсын», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында болған жол-көлік оқиғасынан Нұржігіт есімді азамат ауыр жарақат алғаны хабарланған еді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Бақытжан Базарбек те аталған іс бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген болатын.
Кейін зардап шеккен азаматтың ем-домын дәрігерлер бақылауға алып, оның жағдайына қатысты ақпарат жарияланды. Енді Нұржігіт әрі қарай ем қабылдау үшін Тараздағы клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылды. Бақытжан Базарбектің сөзінше, жағдайы мүмкіндік бергеннен кейін оны Астанаға жеткізу жоспарланып отыр.