Астанада ядролық қарусыздану мен жаһандық қауіпсіздік мәселелері талқыланды
ҚР ПІБ Президенттік орталығында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған «Қазақстан Республикасының ядролық қаруға қарсы саясаты: тарих тағылымы, ұлттық доктрина және геосаяси шынайылық» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
29 тамыз – Қазақстан Республикасы, халықаралық қоғамдастық және жаһандық антиядролық қозғалыс үшін тарихи дата. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақ КСР Президентінің жарлығымен әлем бойынша қуаты жағынан Невада полигонынан кейін екінші орында тұрған Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 2019 жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні республикалық мерекелік даталар тізбесіне енгізілді.
«Бұл шешімнің аса күрделі болғанын атап өткен жөн, өйткені ол Қазақстан әлі де КСРО құрамында болған кезеңде қабылданды. «Қырғи-қабақ соғыс» дәуірінде Кеңес Одағының басшылығы полигонды стратегиялық ядролық тепе-теңдік жүйесінің аса маңызды элементі ретінде қарастырды. Халықтың бұлтартпас ерік-жігерінің жарқын көрінісі ядролық сынақтарды тоқтатуға ұмтылған түрлі елдердің азаматтарын біріктірген «Невада–Семей» қоғамдық қозғалысы болды. Оның идеялық бастамашысы әрі ұйымдастырушысы биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған көрнекті қазақ ақыны Олжас Сүлейменов болды. Семей полигонының жабылуы 40 жылдан астам уақытқа созылған ядролық сынақтар кезеңіне нүкте қойды. Осы уақыт аралығында еліміздің аумағында 456 жарылыс жасалды, яғни сынақтар шамамен айына бір рет жүргізіліп отырған. Бұл ауыр экологиялық және әлеуметтік-экономикалық зардаптарға әкелді. Бір жарым миллионнан астам адам радиацияның зиянды әсеріне ұшырады. Аумағы 300 мың шаршы километрден астам жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылды, бұл көлемі жағынан Италия аумағымен шамалас. Семей полигоны жабылғаннан кейін әлемдегі басқа да ірі ядролық сынақ полигондары – Невада, Жаңа Жер, Лоб-Нор және Муруроа өз қызметін тоқтатты. Осылайша, ядролық сынақтарға тыйым салу бастамасы жаһандық сипатқа ие болды. Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекет болып, жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі мәртебесіне лайықты түрде ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға бағытталған дәйекті саясат ұстанып, 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тарту идеясын ілгерілетіп келеді. Сонымен қатар Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды және ядролық энергетиканы дамытуды қолдайтын мемлекет ретінде өз ұстанымын сақтап келеді. Екі атом электр станциясын салу туралы шешім осы стратегиялық бағыттың айқын көрінісі болып саналады», – деді өз сөзінде Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Қазақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесін жоғары бағалай отырып, 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
«Семей полигоны жабылғаннан кейін Қазақстан аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ядролық сынақтардың зардаптарын жою бағытындағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде сынақ инфрақұрылымының едәуір бөлігі жойылып, 18 мың шаршы шақырымнан астам аумақта кешенді радиациялық-экологиялық зерттеу жүргізілді. Бүгінде жинақталған тәжірибе елімізге ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық режимді нығайтумен қатар, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды дамытуға мүмкіндік береді»», – деді Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин.
Іс-шараға 40-тан астам адам қатысты.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың, даму институттары мен азаматтық қоғамның өкілдері, жетекші қазақстандық сарапшылар кең ауқымды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, Семей ядролық сынақ полигонының тарихи маңызы, жаһандық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастықтың рөлі, сондай-ақ қазіргі заманғы ядролық дипломатияның қағидаттары мен тетіктері қарастырылды.
«Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы Қазақстан халқының бірлігі, «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының азаматтық ұстанымы және дәйекті мемлекеттік саясаттың нәтижесі болды. 1989 жылы құрылған қозғалыс екі миллионнан астам қазақстандықты біріктіріп, ядролық сынақтарға қарсы және ядролық қарусыз әлем орнату жолындағы күрестің символына айналды. Бүгінде Қазақстанның ядролық қарусыздану жолы халықаралық маңызға ие. Біздің міндетіміз – тарихи жадты сақтау, осы тәжірибені жас ұрпаққа жеткізу және бейбітшілік, ядролық қарусыздану мен жаһандық қауіпсіздік идеяларын дәйекті түрде ілгерілетуді жалғастыру», – деді Қазақстанның атом саласының еңбек сіңірген қызметкері, «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев.
Өз пікірін Қазақстан Республикасындағы Жапонияның төтенше және өкілетті елшісі Ииджима Ясумаса білдірді.
«Жапония мен Қазақстан ядролық қаруды қолданудың қайғылы зардаптарына байланысты ортақ тәжірибеге ие. Екі ел де ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жолындағы халықаралық күш-жігерде жетекші рөл атқарып келеді. Бұл бағытта Қазақстан Жапония үшін ең сенімді серіктестердің бірі болып табылады. Екі елдің медициналық мекемелері мен университеттері көптеген жылдар бойы радиацияның әсерінен зардап шеккендерді емдеу саласында ынтымақтастық орнатып келеді. Жапония да бірнеше рет медициналық құрал-жабдықтар беру арқылы қолдау көрсетті. Біз атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге үміттіміз. Атап айтқанда, Жапонияның Атом энергиясы агенттігі мен Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы және Ядролық физика институты арасындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды», – деді дипломат.
Сондай-ақ дөңгелек үстел аясында Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтің, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Жобалық кеңсесінің басшысы Ерлан Сатаевтың, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының Астана қаласындағы бөлімшесінің директоры Майра Мұқышеваның баяндамалары тыңдалды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, ядролық сынақтардың зардаптары туралы тарихи жадты сақтаудың және Қазақстанның бейбітшілік жолындағы тәжірибесін ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ сараптамалық және қоғамдық диалогты жалғастыру, бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға және жас ұрпақтың жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі хабардарлығын арттыруға бағытталған ағартушылық және ғылыми-білім беру бастамаларын жүзеге асыру қажеттігі атап өтілді.