«Болашақ» стипендиясының иегерлері белгілі болды: министр толық тізімді жария етті

Автор: Асқарова Қарлығаш

179 магистрант, 12 докторант және бакалавриатта білім алатын бір студент стипендияны жеңіп алды

Фото: istockphoto.com

«Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының  иегерлері белгілі болды. Бұл жолы 179 магистрант, 12 докторант және бакалавриатта білім алатын бір студент стипендия иегері атанды. Сонымен қатар 40 қазақстандық шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Стипендия иегерлерінің толық тізімімен Саясат Нұрбектің Telegram  арнасынан танысуға болады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бағдарлама елге қажетті жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталған.

«Біз үшін «Болашақ» – шетелде білім алуға мүмкіндік беретін бағдарлама ғана емес. Бұл – адам капиталына және Қазақстан экономикасының болашағына салынған инвестиция. Біздің міндетіміз – елге озық білім мен құзыреттер аса қажет бағыттар бойынша мамандар даярлау. Мамандарымыздың елге жай ғана дипломмен емес, жаңа біліммен, технологиялармен және халықаралық тәжірибемен оралғаны маңызды. Олар бұл білімді Қазақстанның дамуына бағыттап, жаңа өндірістер құрып, озық технологияларды енгізіп, болашақтың жаңа салаларын қалыптастыруы керек», – деді Саясат Нұрбек.

Министр атом өнеркәсібі, медицина, инженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика және биотехнология сияқты бағыттарға басымдық берілетінін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанға шетелдік университеттердің жай ғана түлектері емес, елдің технологиялық және экономикалық дамуына нақты үлес қоса алатын білікті мамандар қажет. Жаңа стипендия иегерлері шетелде заманауи білім мен халықаралық тәжірибе жинап, алған білімін Қазақстанның дамуына жұмсауы тиіс екені де айтылды.