«Кондиционер жедел жәрдем келмей тұрып құлаған»: Ұлдана Мырзуанның қазасына байланысты сотта куәгер тың дерек айтты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Оның айтуынша, оқыс оқиға болған тұрғын үйдің қабырғасынан кірпіштер әлі де құлағалы тұр

Фото: Сот отырысынан скриншот

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына байланысты сот жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста бірнеше тұрғын куәлік берді. Сол үйде тұратын әйел түрін көрсетпеуді сұрап, осы  тұрғын үйдің қазіргі жай-күйіне қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, ол оқиға болған күні сапардан келген және әуелі не болғанын түсінбей, құбыр жарылған шығар деп ойлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен сол күні сапардан келіп, оқыс оқиғаның болғанын түсіндім. Бірақ бастапқыда құбыр жарылған шығар деп ойладым. Кейін жақындап келгенде үйіндіні көрдім. Бұған дейін дүкенге кіріп келе жатқанда тоңазытқыштардың жанында тұрған кондиционерді көрген едім, ал дүкен ішінде бір әйел жылап отырды. Кейін үйге кіріп, киімімді ауыстырып қайта келгенімде фельдшерлердің жарақат алғанын көрдім. Артынша құтқарушылар келіп, бізді оқиға орнына жақындатпады. Кейін әлеуметтік желіден фельдшердің үстіне кондиционер құлағанын естігенде қатты таңғалдым», – деді ол.

Куәгердің сөзінше, тұрғын үйдің жағдайы оқиғадан кейін де жақсармаған. Оның айтуынша, тұрғындар сегіз айдан бері мемлекеттік органдарға бірнеше рет хат жолдағанымен, мәселе әзірге шешілмеген.

«Қазір біздің үйдің жағдайы мүлдем нашарлап кетті. Біз сегіз ай бойы мемлекеттік органдарға хат жазып келеміз. Әзірге бізді ешкім естімейді. Кірпіштер орнынан қозғалып жатыр», – деді тұрғын.

Айта кетейік, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті құлаған кезде зардап шеккендерге көмек көрсетуге барған. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен жедел жәрдем бригадасы үйінді астында қалған адамдарға көмек көрсетуге тырысқан. Сол кезде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген. Оқиға салдарынан бес адам түрлі жарақат алған.

Ұлдана Мырзуан он күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, 2025 жылғы 18 қарашада фельдшер көз жұмды. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қаза болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.