Балалар мектепте Конституция мен заңды құрметтеуді үйренеді – Тоқаев

Автор: Асқарова Қарлығаш

Мемлекет басшысы оқулықтардың мазмұны да заман талабына сай болуы керектігін айтты

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Мемлекет басшысы мектептерде сапалы білім берумен қатар, тағылымды тәрбиеге де баса мән беру қажет екенін айтты. Сондай-ақ оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бала тәрбиесі мәселесіне баса мән беру қажет. Қоғамда заң мен тәртіпке, тазалыққа, мәдениеттілікке негізделген жаңа этика қалыптастыру ісі дәл осы маңызды миссияны жүзеге асырудан басталады. Қазір елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Жастармен қоса есептегенде олардың үлесі халық санының жартысына жуықтайды. Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, ең алдымен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық құндылықтарын сіңіруіміз қажет.Әйтпесе, салынған мектептерден, білім саласындағы инновациялық шешімдерден еш нәтиже болмасы анық. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласы айрықша рөл атқаратыны баршаға мәлім.Мектептер сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбиенің ошағы болуы керек. Балалар мектепке зор ынтамен баруы қажет. Олар мектепті білім алатын, құрдастарымен араласатын және өміріндегі ең тамаша жылдарды – балалық пен жастық шақтың шынайы ғажап кезеңдерін өткізетін өз үйіндей қабылдауға тиіс. Қалай болғанда да, жағдай дәл солай болуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент мектеп оқушыларының құқықтық сауатын арттыру қажеттігін де атап өтті.

«Менің тапсырмам бойынша осы жылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытылатын болды. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енеді. Негізгі мақсат: тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді. Ал заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өз өміріне балта шабуда. Өкінішке қарай, бұл өте қарапайым ақиқатты көп жастар білмейді де, түсінбейді де. Біздің міндет – оларға өмірдің осы шындығын түсіндіріп айту», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы оқулықтардың мазмұны да заман талабына сай болуы керектігін айтты.

«Жалпы, оқулықтардың мазмұны заман талабына, сондай-ақ, жаңа Конституция идеяларына сай болғаны өте маңызды. Осы міндеттің сапалы әрі уақтылы орындалуына Үкімет пен тиісті министрлік тікелей жауапты», – деді Президент.