Тоқаев «мұң» сөзін жақсы көретін қаламгерлерге шүйлікті
Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын оқулықтарға шүйлікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес. Әлгінде ғана тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет екенін айттым. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы», – дейді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз арасында ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек екенін ерекше атап өтті.
«Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс. Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс», – дейді мемлекет басшысы.