«Айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз»: президент желіде ұрыс-керіс шығаратын мұғалімдерді сынады

Автор: Темірхан Айжан

Тоқаев өркениетті пікірталас пен орынсыз даудың аражігін ажырату керегін айтты 

Фото: ЖИ

Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі білім саласына қатысты айқай-шу мен орынсыз даудың пайдасы жоқ екенін айтып, ұстаздарды ортақ іске жұмылуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал. Бұл орайда бір мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Көбіңізге белгілі, әлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болып тұрады. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды. Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда», - деді президент.

Тоқаев балалардың болашағы үшін жанашырлық танытып, ұтымды ұсыныс айту мен көпшілікке танылу үшін пікір білдірудің ара-жігін ажырату қажет екенін атап өтті.

«Әрине, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық. Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн», - деп атап өтті президент.