Елімізге 5 мыңнан астам мұғалім қажет - президент

Автор: Темірхан Айжан

Министрлік кадр тапшылығына тың тәсіл ұсынуы тиіс

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің сөзінше, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде педагогикалық мамандықты таңдаған жастардың қатары көбейген.

«Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 2 мыңнан астамы – мектепті «Алтын белгімен» бітіргендер», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент кадр мәселесі әлі толық шешілмегенін атап өтті. Оның айтуынша, халық санының өсуі мен жаңа мектептердің көптеп салынуына байланысты елімізге тағы 5 мыңнан астам мұғалім қажет.

«Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы біртіндеп азайып келе жатқанын жеткізді.

«Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды. Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет», – деді ол.