Тоқтаудың қажеті жоқ: «ҚазАвтоЖолда» ақылы жолдар үшін ақы төлеудің жаңа тәсілі енгізілді

Автор: Асыл Арман

RFID-белгі автокөлікке орнатылып, оның мемлекеттік тіркеу нөмірі мен пайдаланушының жеке шотына байланыстырылады

Фото: freepik.com

«ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар ақылы тасжолдарда жол ақысын автоматты түрде төлеуге мүмкіндік беретін RFID-белгілерді пайдалануды ұсынады. Бұл технология төлем алу пунктерінен өту уақытын қысқартып, көлік кезегін азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Компания мәліметінше, RFID-белгі автокөлікке орнатылып, оның мемлекеттік тіркеу нөмірі мен пайдаланушының жеке шотына байланыстырылады. Көлік төлем алу пунктінен өткен кезде жүйе оны автоматты түрде сәйкестендіріп, жол жүру ақысын шоттағы қаражаттан есептен шығарады. Яғни жүргізушіге төлем жасау үшін арнайы тоқтаудың қажеті жоқ.

«RFID-белгілер тегін беріледі. Оларды республикалық маңызы бар ақылы жолдардағы төлем алу пункттерінен алып, сол жерде орнатуға болады. Мамандар құрылғыны автокөлікке байланыстыруға көмектеседі. RFID-белгілерді пайдалану төлем алу пункттерінің өткізу қабілетін арттырып, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды кезеңдерде жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. RFID-белгіні алу және пайдалану бойынша толық ақпаратты 1403 нөмірі арқылы «ҚазАвтоЖол» бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады», – делінген компания хабарламасында.

Компания жүргізушілерге тегін RFID-белгіні алдын ала алып, жеке шоттағы оң теңгерімді сақтауды ұсынады. Бұл ақылы жолдардан өткен кезде төлемді автоматты түрде әрі тоқтаусыз жүргізуге мүмкіндік береді.