Қазақстанда автокөлік пен баспана алу үшін несие алатындар саны артқан

Автор: Асқарова Қарлығаш

Орта бизнеске берілетін несиеге де сұраныс жоғарылаған

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда осы жылдың екінші тоқсанында бизнес пен халықтың несиеге сұранысы артып отыр. Банктер әсіресе автокөлік пен ипотекалық несиеге өтініштер көбейгенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс маусымдық белсенділік пен банктердің клиенттермен жұмысының күшеюіне байланысты өскен. Бұл сегментте мақұлданған несиелердің үлесі 65 пайызға дейін жеткен.

Орта бизнеске берілетін несиеге де сұраныс жоғарылаған. Бұған банктердің өңірлердегі белсенділігінің артуы және мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қаржыландыру әсер еткен.

Ал халық арасында ең көп өсім автонесие мен ипотека бойынша байқалған. Автокөлік алуға берілген өтініш саны 20 пайызға, ал ипотекалық несиеге өтініш 19 пайызға артқан.

Осылайша, екінші тоқсанда банктерге несие алуға жүгінгендердің саны айтарлықтай көбейген.