Салдарынан оң жақ жолақтың бір бөлігі опырылып кеткен
Жетісу облысының Панфилов ауданында нөсер жаңбырдан кейін сел жүріп, «Сарыөзек – Көктал» автожолының бір бөлігі зақымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
24-25 тамызда жауған мол жауын-шашын салдарынан жолдың бірнеше учаскесінде лай мен тас аралас су ағыны пайда болған. Ең көп зақым 152-шақырымда тіркелді. Сел жол жиегі мен жер төсемін шайып, оң жақ жолақтың бір бөлігінің опырылуына себеп болған.
Қазір жол қызметтері лай-тас шөгінділерін тазалап, шайылған жер төсемін нығайтып жатыр. Бұл жұмысқа 18 қызметкер мен 13 арнайы техника жұмылдырылған.
Зақымданған учаске қоршалып, уақытша жол белгілері қойылған. Автожол толық жабылған жоқ. Көлік қозғалысы сақталған жолақ арқылы кезекпен, яғни реверсивті режимде жүріп жатыр.
Оқиға орнында патрульдік полиция кезекшілік етіп, жолдағы қауіпсіздікті бақылауда ұстап отыр. Қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.