Мұндай жағдайлар ауаның сапасын уақытша төмендетеді
Синоптиктердің мәліметінше, бүгін, 26 тамызда, еліміздің бес қаласында атмосферада ластаушы заттардың шамадан тыс шоғырлану қаупі бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған ауа райы жағдайларының қолайсыз үйлесуі себеп болып отыр. Мұндай кезде зиянды қоспалар ауаның жерге жақын қабатында шоғырланып, атмосферада таралмай тұрады.
«26 тамызда Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Алматы қалаларында, ал түнгі уақытта Астана қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі», – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) – атмосферадағы ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіріп, олардың ауада шоғырлануына себеп болатын ауа райы құбылыстары. Оларға желсіз ауа райы, тұман, температуралық инверсия жатады.
Мұндай жағдайлар ауаның сапасын уақытша төмендетеді. Оның әсері, әсіресе, халық тығыз қоныстанған немесе өнеркәсіптік аймақтарда қаттырақ байқалады.