Алматыда көпқабатты үйден өрт шығып, одан 127 адам құтқарылды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Өрт жиһаздың өртенуінен шыққан

Фото: видеодан скрин

Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің пәтерінде жиһаз өртеніп, ғимаратты қою түтін басқан. Төтенше жағдай кезінде құтқарушылар 127 адамды қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өрт Бостандық ауданындағы Абай даңғылы бойындағы 16 қабатты үйдің 9-қабатындағы пәтерден шыққан. Шақыртуға жоғары дайындық дәрежесі бойынша барған өрт сөндірушілер ғимараттың кіреберісін қою түтін басқанын анықтады.

ТЖМ қызметкерлері тұрғындарды дереу эвакуациялауға кірісті. Оқиға орнында өрт сөндіру жедел штабы құрылып, газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары адамдарды құтқару және эвакуациялау жұмысына жұмылдырылды. Өрт сөндіру автосатысы да орнатылды.

Нәтижесінде 42 адам баспалдақ арқылы эвакуацияланса, тағы 85 адам, оның ішінде 4 бала, құтқару қалпақтарының көмегімен қауіпсіз жерге шығарылды.

Өрт жедел түрде сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.