Құрылтайға тарихи сайлау заң талаптарына қатаң сай өтті – Бас прокуратура

Автор: Алмас Ерсін

Сайлау кезеңінде небәрі 15 құқық бұзушылық дерегі анықталған

Фото: gov.kz

Қазақстанда конституциялық реформа аясында прокуратура органдары Құрылтай депутаттарын сайлаудың барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

Сайлау науқаны тұтастай алғанда, оның ішінде кандидаттарды ұсыну, партиялық тізімдерді тіркеу, үгіт-насихат жүргізу және дауыс беру үдерістері құқықтық алаңда, қалыпты әрі тыныш саяси жағдайда өтті.

Сайлау комиссиялары тарапынан заң бұзушылықтар, бюллетеньдерді заңсыз беру, басқа адамдардың орнына дауыс беру және бюллетеньдерді жәшікке топтап салу деректері болған жоқ.

Сондай-ақ аккредиттелген байқаушылармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жанжалдар, оларды сайлау учаскелерінен шығару және қоғамдық тәртіпті өрескел бұзудың басқа да фактілері тіркелмеді.

Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезеңінде небәрі 15 құқық бұзушылық анықталған. Олар құқық бұзушылықтың екі түріне қатысты. Атап айтқанда, заңсыз сауалнама жүргізудің үш және үгіт-насихатқа тыйым салынған кезеңде оны жүргізудің 12 дерегі тіркелді.

Салыстыру үшін, 2023 жылғы сайлауда сайлау заңнамасын бұзудың 69 дерегі тіркеліп, құқық бұзушылықтың сегіз түрі бойынша шара қолданылған.

2026 жылғы сайлау кезеңінде прокурорлар барлығы 12 өтінішті қарады. Олардың әрқайсысына түсіндірме сипатындағы жауап берілді. Барлық өтініш партиялық тізімдерді тіркеу және үгіт-насихат мәселелеріне қатысты болды.

2023 жылғы наурызда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында құқықтық ахуал өзгеше болған. Сол кезде прокуратура органдарына 113 өтініш пен шағым түскен. Бұл биылғы көрсеткіштен тоғыз есе көп.

2023 жылғы сайлау науқаны кезінде Мәжіліс депутаттығына кандидаттар жергілікті мемлекеттік органдарға қатысты соттарға 82 талап арыз берген. Ал биыл партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттар сотқа жүгінбеген.

Келтірілген деректер уәкілетті органдар мен прокуратураның «Заң және Тәртіп» конституциялық қағидаттары аясында жүргізген ауқымды түсіндіру және алдын алу жұмыстарының тиімділігін көрсетіп қана қоймай, сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық мәдениеті сапалық тұрғыдан артқанын да аңғартады.