Қар, бұршақ, +39°C: 26 тамызға арналған ауа райы болжамы жарияланды

Автор: Алмас Ерсін

Елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр күтілсе, Маңғыстауда аптап ыстық сақталады

Фото: © istockphoto.com

Синоптиктер 2026 жылғы 26 тамыз, сәрсенбіге Қазақстан аумағындағы ауа райы мен қауіпті метеорологиялық құбылыстардың болжамын ұсынды. Болжамға сәйкес, елдің бірқатар өңірінде қар, бұршақ, нөсер жауын күтіледі, ал кей жерлерде қатты ыстық сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік-батыс циклонымен байланысты атмосфералық фронттар Қазақстан аумағының басым бөлігінде жаңбырлы әрі найзағайлы ауа райын сақтайды.

«Елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады, жекелеген аудандарда бұршақ түсуі мүмкін. Алматы облысының таулы аудандарында түнде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. Республика бойынша жел күшейеді, Қазақстанның солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ болжам бойынша күндіз Қазақстанның екі өңірінде қатты ыстық күтіледі:

  • Маңғыстау облысында – +38...+39°С дейін;

  • Қостанай облысының оңтүстігінде – +35°С дейін.

Бұдан бөлек, болжамға сәйкес, Қазақстанның бірқатар өңірінде өрт қаупі сақталады:

  • жоғары өрт қаупі – Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, Ақтөбе облысының орталығы мен солтүстік-шығысында, Жамбыл және Алматы облыстарының шығысында, Қостанай облысының солтүстік-батысы мен шығысында;

  • төтенше өрт қаупі – Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, Ұлытау облысында, Жетісу облысының оңтүстігі, шығысы мен орталығында, Абай облысының оңтүстік-батысында, Алматы облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында, Қостанай облысының оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде.