Ол азаматтық некедегі күйеуін өлтірді деген айыппен сотталды
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны азаматтық некедегі күйеуін өлтірді деген айыппен сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соттың мәліметінше, Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша іс алқабилердің қатысуымен қаралған.
Сотта анықталғандай, 2026 жылғы 3 қаңтарда шамамен сағат 18:00-де сотталушы Теректі ауданының Төңкеріс ауылындағы үйінің асүйінде кешкі ас әзірлеп жатқан.
Осы кезде үйге мас күйінде сүйіктісі келіп, жанжал шығарып, әйелдің мойнынан ұстап, қылқындыра бастаған. Кейін ол әрекетін тоқтатып, қонақ бөлмеге өтіп, диванға жатқан. Сол жерде де азаматтық некедегі әйелін боқтауды тоқтатпаған. Содан кейін әйел адам асүй пышағын алып, сүйіктісін өлтіру үшін төр бөлмеге барған. Ол диванда жатқан ер адамның жүрегіне пышақ сұғып алған. Алған жарақаты салдарынан ер адам оқиға орнында қайтыс болған. Осыдан кейін әйел адам үйінен қашып кеткен.
Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспей, бірге тұратын ер адамды өлтірмегенін айтқан. Сот үкімімен әйел өзіне тағылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Жаза тағайындау кезінде сот пен алқабилер қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлардың болмағанын ескерді. Алқабилердің айыптау үкімін ескере отырып, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталушыға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.