Ақмолалық ер адам өзінен 17 жас кіші бойжеткеннің үйіне түнде кіріп, суретке түсірген

Автор: Асыл Арман

Осыған байланысты полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады

Фото: freepik.com

Ақмола облысында ер адам түнде көршісінің үйіне кіріп, ұйықтап жатқан күйінде суретке түсірген. Осы факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік ПД-ға сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Атбасар аудандық полиция бөліміне ауылдардың бірінде тұратын әйелден арыз түскен. Оның айтуынша, көрші тұратын ер адам түнде үйіне заңсыз кіріп, ұйықтап жатқан жерінде суретке түсірген.

Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында 37 жастағы ер адамның 20 жастағы көршісінің үйіне шынымен кіргені анықталды.

Ер адам өз әрекетін бойжеткенмен сөйлескісі келгенімен түсіндірген.

Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ күдіктінің әрекет ету себептері мен ниетін анықтап жатыр.

Тергеу нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.