Астанада өзгенің көлігін арзан бағада сатып жіберген күдікті ұсталды

Автор: Асыл Арман

11,5 млн теңгеге бағаланған Toyota Camry-ді заңсыз сатқан күдікті ұсталды

Фото: istockphoto.com

Астанада өзіне тиесілі емес Toyota Camry көлігін сатып жіберді деген күдікпен 29 жастағы ер адам ұсталды. Көлік иесі 11,5 млн теңге көлемінде шығын келгенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ІІМ мәліметіне сәйкес, ер адам танысының сенімін пайдаланып, оған тиесілі ақ түсті Toyota Camry көлігін суретке түсірген. Кейін сол фотосуреттерді пайдаланып, көлікті басқа бір танысына сатуды ұсынған. Күдікті автокөлікті нарықтағы бағасынан төмен бағаға сатып жіберген.

«Алайда ол сатып алушыдан көліктің өзіне тиесілі емес екенін және оны сатуға құқығы жоқ екенін жасырған. Соның салдарынан көлік иесіне 11,5 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды», – делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

ІІМ азаматтарды көлік құралын үшінші тұлғаларға бермес бұрын барлық мәмілені заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге шақырды. Тіпті таныстар арасындағы келісімдердің өзі құжат жүзінде бекітілуі қажет.

«Тек сенімге негізделген ауызша келісімдер азаматтардың алаяқтардың құрбаны болуына әкелуі мүмкін», – деп атап өтті ІІМ.