Қазір науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр
Павлодарда төрт жасар баламен бірге тротуармен келе жатқан ер адам аяқ астынан жер опырылып, қайнаған суға түсіп кеткен. Оқиға салдарынан ол екі аяғынан күйік алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қала көшелерінің бірінде болған. Әлеуметтік желідегі жазба авторының айтуынша, оның ағасы төрт жасар баламен бірге тротуармен келе жатқан кезде аяқ астындағы жер опырылып, ер адам ыстық суға құлаған.
«Бұл ашық қалған құдық та емес, құрылыс алаңы да емес, апатты учаске де емес. Адамдар күн сайын жүріп өтетін кәдімгі жол. Соның салдарынан ағам тізеден жоғары дейін екінші дәрежелі күйік алды. Енді басты сұрақ – бұған кім жауап береді? Егер бірінші болып баланың аяғы түссе, оны аман алып қалу мүмкін болмас еді», – делінген жазбада.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1991 жылы туған ер адам Павлодар қалалық №1 аурухананың күйік бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер оның екі аяғынан II-III дәрежелі термиялық күйік алғанын анықтаған. Зақымданған аумақ денесінің 7 пайызын құрайды.
Қазір науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Апаттық-диспетчерлік қызметтің мәліметінше, оқиға болған жерде жылу желілерінің зақымдануы тіркелген.
«Бұл учаскеде жылу желілерінің зақымдануы орын алды. Мамандар оқиға орнына барды. Тиісті шаралар қабылданады», – деді апаттық-диспетчерлік қызмет өкілдері.