Ағасы мен қарындасының жанжалы үйдің өртенуімен аяқталды (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Өрт басқа үйлерге де тарай жаздаған

Фото: видеодан скриншот

Баку қаласының Хатаи ауданында туыстар арасындағы тұрмыстық жанжал көпқабатты үйдегі ірі өртке себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәлімет бойынша, пәтерде тұратын ағасы мен қарындасы қатты жанжалдасып қалған. Baku TV сюжетінде куәгерлердің айтуынша, алдымен пәтерден айғай-шу естілген. Кейін тұрғындардың бірі балтаға ұқсас затпен терезелерді сындырып, жеке заттарды көшеге лақтыра бастаған. Артынша ер адам киімдерді газ плитасына қойып, өртеген.

Өрт шығарғаннан кейін ол балконға шығып, есінен танып қалған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді.

Өрт салдарынан пәтер қатты зақымданды. Жалынның көршілес пәтерлерге таралу қаупі болған. Алайда төтенше жағдайлар қызметінің жедел әрекетінің арқасында өрт оқшауланып, басқа пәтерлерге жайылмады.

Оқиға орнына Әзербайжан Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру есептоптары, полиция қызметкерлері және жедел жәрдем бригадалары келді.

Көршілердің айтуынша, бұл отбасы бұған дейін ешқандай жанжалмен көзге түспеген, пәтерден айғай-шу немесе төбелес болғанын естімеген.

Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайы мен нақты себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.