Дауыс беруге бір сағат қалды: қазақстандықтар сайлау құқығын жүзеге асыруды жалғастыруда

Автор: Azattyq Rýhy

Сайлау учаскелерінен ерекше оқиғалар да әлі де тіркеліп жатыр

Фото: аймақтағы әкімдіктер

Алғашқы Құрылтай сайлауының аяқталуына небәрі бір сағат қалды. Соған қарамастан сайлау учаскелеріндегі адам легі әлі де толастар емес. Бірі жұмыстан кейін келсе, енді бірі учаске жабылғанға дейін дауыс беріп үлгеруге асығып жатыр. Сағат 19:00-ге қарай да сайлаушылар легі әлі де жалғасып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күні бойы түрлі буын өкілдері белсенділік танытты. Жастар мен орта жастағы азаматтармен қатар аға буын өкілдері де өз таңдауын жасады. Олардың арасында 116 жастағы сайлаушы мен 105 жастағы соғыс ардагері бар. Дауыс беруге мүгедектігі бар азаматтар, оның ішінде арбамен қозғалатын сайлаушылар да келді.

Сайлау учаскелерінен ерекше оқиғалар да әлі де тіркеліп жатыр. Алатау қаласында жас отбасы алдымен дауыс беріп, кейін екінші сәбиін күтіп жүрген ерлі-зайыптылар дәл сол сайлау учаскесінде гендер-пати өткізді. Ал Шығыс Қазақстанда ШҚТУ ректоры дауыс беруге жүргізушісіз электромобильмен келді.

Сайлау Қазақстаннан тыс жерлерде де жалғасып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелде 78 сайлау учаскесі ашылған. Осы уақытқа дейін оларда 4378 адам дауыс берген.
Ал бірқатар шетелдік сайлау учаскелері жұмысын аяқтап та үлгерді. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Индонезия, Таиланд және Вьетнамдағы сайлау учаскелері бар.