Өскеменде полицейлер жоғалған 9 жасар баланы 8 минутта тапты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Денсаулық ерекшелігіне байланысты бала өзі туралы мәліметтер айта алмаған

Фото: polisia.kz

Өскеменде үйінен адасып кеткен 9 жастағы баланы полиция қызметкерлері небәрі 8 минуттың ішінде тауып, ата-анасына табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сағат 13:00-де «102» пультіне баланың жоғалғаны туралы хабар түскен. Арада сегіз минут өткенде патрульдік полиция экипажы баланы автожанармай құю станциясының маңынан байқап қалған.

Өскемен қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының «Қыран-23» экипажындағы полиция капитандары Бауыржан Мұхаметқанов пен Ұлан Шерияз балаға бірден жақындаған. Алайда денсаулық ерекшелігіне байланысты бала қайдан келгенін және үйінің қайда екенін түсіндіре алмаған. Осы кезде полицейлер рация арқылы баланың жоғалғаны туралы бағдар алған. Оның сыртқы белгілерін хабарламадағы мәліметтермен салыстырған тәртіп сақшылары іздеуде жүрген баланы бірден таныған.

Көп ұзамай полиция баланың анасымен байланысқа шыққан. Белгілі болғандай, бала үйінің жанындағы стадионда ойнап жүріп, байқамай ұзап кеткен. Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында бала көп ұзамай ата-анасына аман-есен табысталды.