Көмек алу үшін студенттің белгілі бір оқу орнының білім алушысы болуы міндетті емес
Алматыда қиын жағдайға тап болған студенттерге уақытша баспана мен әлеуметтік, психологиялық және кеңес беру көмегін ұсынатын дағдарыс орталығы жұмысын бастады. Орталыққа қаладағы кез келген жоғары оқу орнының студенті жүгіне алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталық ALT University-дің жаңартылған №1 студенттер үйінде бір ай бойы жұмыс істейді. Мұнда қиын жағдайға тап болған жастар үшін 50 орын қарастырылған. Көмек алу үшін студенттің осы оқу орнының білім алушысы болуы міндетті емес. Мәселен, уақытша баспанасыз қалған немесе әлеуметтік, психологиялық қолдауға мұқтаж жастар орталыққа жүгіне алады.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиевтің айтуынша, орталықтың мақсаты – студентке уақытша баспана берумен шектелмей, қиын жағдайдан шығуына көмектесу.
«Алматы – еліміздегі ең ірі студенттік орталық. Сондықтан мұнда білім алуға келген жас қиындыққа тап болған жағдайда жалғыз қалмауы керек. Студент уақытша баспанасынан айырылуы немесе психологиялық, әлеуметтік көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Дағдарыс орталығы осындай кезде қолдау көрсететін орынға айналады. Біздің мақсатымыз – студентке уақытша баспана беріп қана қоймай, қиын кезеңнен өтіп, оқуын әрі қарай жалғастыруына жағдай жасау», – деді Мирас Нысаналиев.
Орталықта уақытша тұратын студенттерге психологиялық, әлеуметтік және кеңес беру көмегі көрсетіледі. Әр өтініш жеке қаралып, көмекке жүгінген адамның құпиялылығы сақталады.
Дағдарыс орталығының байланыс нөмірлері:
+7 700 255 14 43
+7 700 950 95 28
+7 727 237 01 70