«Бұл не масқара?»: Тоқаев бет сүйісіп амандасу мәселесіне қатысты ойын айтты

Автор: Асыл Арман

Тоқаев қазақ қоғамындағы амандасу мәдениеті туралы пікір білдірді

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жаңа жүріс-тұрыс мәдениеті мен қоғамдық әдеп қалыптастыру бастамасына тоқталып, ұлттық салт-дәстүрге сай ұстамды болудың маңызын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Казахстанская правда» газетінің тілшісі Юлия Магер Құрылтай сайлауында дауыс беруге келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сауал қойды: «Сіз баяндамаларыңыздың бірінде азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жөнінде айтқан едіңіз. Сіздің бастамаңызды бірқатар танымал азамат іліп әкетті. Көбінесе ұлттық тәлім-тәрбиеге сай ұстамды, адамды құрметтей білетін қасиеттерге арқа сүйеуіміз қажет екені айтылып жүр. Өзгелерге құрмет, заң мен тәртіпті сақтау, өзіңді сыйлау және жауапкершілік таныта білу азаматтарымыздың күнделікті дағдысына айнала ма?»

«Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқанға емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім. Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек. Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз», – деді Тоқаев.