Оқиға түнгі сағат 01:00 шамасында болған
Әлеуметтік желілерде тәртіп сақшылары тұрғынды «күлгені үшін» жауапкершілікке тартты деген бейнежазба тарады. Алайда Ішкі істер органдары бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға түнгі сағат 01:00 шамасында болған. Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері терезелері ашық, ішінен қатты музыка ойнап тұрған автокөлікті байқаған. Көліктегі азаматшалар дауыстап айқайлап, түнгі уақытта тыныштық тәртібін бұзған.
Полиция қызметкерлері көлікке жақындап, жүргізушінің құжаттарын тексеріп, келген себептерін сабырлы түрде түсіндірген. Нәтижесінде тәртіп сақшылары ауызша ескертумен шектеліп, жүргізушіні жіберген. Әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынбаған.
Жүргізуші азаматша полиция өкілдерімен сөйлесу кезінде эмоцияға беріліп, дауыс көтеріп, оқиғаны таспаға түсірген. Кейін әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын бұрмалап жариялаған.
Оқиғаның толық барысы тәртіп сақшыларының бейнетіркегішіне жазылған. Тексеріс қорытындысы бойынша полиция қызметкерлерінің әрекетінен заңбұзушылық анықталған жоқ.
«Түнгі уақытта тыныштықты сақтау – әр азаматтың міндеті. Азаматшаның билік өкіліне құрметсіздік танытуы және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты тарату фактілеріне құқықтық баға беріледі. Полиция қызметкерлері азаматтарды заңды талаптарына ден қоюға және әлеуметтік желідегі қаралым үшін жасанды жанжал туындатпауға шақырады», — деді мекеме өкілдері.