Бір қабатты ғимараттың ауданы 430 шаршы метрден асады
Қостанай облысында Тобыл станциясының теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды. Жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Вокзал 1943 жылы салынған. Бір қабатты ғимараттың ауданы 430 шаршы метрден асады.
Ғимаратта шатыр мен қасбет толығымен жаңартылып, ішкі бөлмелер, инженерлік желілер мен перрон жөнделді, іргелес аумақ абаттандырылды. Станцияда жаңа жиһаздар мен жабдықтар орнатылды.
Жаңарту кезінде қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Қасбеті фиброцемент тақталармен қапталып, негізі гранитпен жабылды. Ішкі үй-жайлар үшін берік және отқа төзімді материалдар таңдалып, еденге керамогранит төселді. Сондай-ақ, қосымша эвакуациялық шығулар жабдықталып, өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін есіктер орнатылған.
Вокзал күн сайын 380 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Тобылды Астана, Алматы, Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Атырау, Маңғыстау, Бейнеу және Шумен байланыстыратын 26 жолаушылар пойызы өтеді.
Жаңарту Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның және Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен орындалды. Жұмыс жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасауға, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы объектісінің сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған.