Астанада мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі үшін қандай жағдай жасалды

Автор: Асыл Арман

Елордадағы сайлау учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді

Фото: Астана әкімдігі

Қазақстанда бүгін Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Астана әкімдігі денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен бара алмайтын тұрғындардың өз үйінде отырып дауыс бере алатынын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Үйде дауыс беру азаматтардың сайлау құқығын толық пайдалануына мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылады. Ол үшін сайлаушы немесе оның жақындары алдын ала тиісті учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беруі қажет.

«Арнайы комиссия мүшелері қажетті құжаттар мен сайлау бюллетеньдерін алып, азаматтың тұрғылықты жеріне барады. Дауыс беру кезінде сайлаушының өз таңдауын білдіруіне және дауыс беру құпиясының сақталуына барлық жағдай жасалады. Астанада Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында азаматтардың әртүрлі санатына дауыс беруге қолайлы жағдай жасалды. Сайлау учаскелерінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне де мүмкіндік қарастырылған. Үйде дауыс беру – азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруының маңызды тетіктерінің бірі», – делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.

Елордадағы сайлау учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.