Қазақстанда тарихтағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауы басталды

Автор: Алмас Ерсін

Сайлаушылар тізіміне 12,6 млн-нан астам қазақстандық енгізілген

Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстанда ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Таңғы сағат 07:00-дегі жағдай бойынша өңірлердегі 10 363 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді.

Оның айтуынша, ел аумағындағы бірқатар сайлау учаскесі жұмысын белгіленген уақыттан ерте бастаған.

«Аумақтық сайлау комиссияларының шешімдеріне сәйкес 107 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 06:00-де басталды. Сайлаушылар тізімдеріне 12 605 788 адам енгізілген. Олардың 17 132-сі дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін алды», – деді Мұхтар Ерман.

Қазақстаннан тыс жерлерде де дауыс беру жүріп жатыр. Сағат 07:00-дегі мәлімет бойынша 16 шет мемлекеттегі 19 сайлау учаскесі жұмысын бастаған.

Жалпы Құрылтай сайлауында 10 423 сайлау учаскесі қарастырылған. Оның 79-ы әлемнің 61 мемлекетіндегі Қазақстан азаматтарының дауыс беруі үшін ұйымдастырылған.

Осылайша бүгін Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы өтіп жатыр.