23 тамызға арналған ауа райы болжамы жарияланды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жексенбі күні ел аумағында ауа райы құбылмалы болады

Фото: © istockphoto.com

«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылдың 23 тамызында, жексенбі күні ел аумағында ауа райы құбылмалы болатынын хабарлады. Республиканың басым бөлігінде нөсер жаңбыр жауып, күн күркірейді, сондай-ақ кей өңірде бұршақ пен дауыл күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жаңбыр жауады. Ал батыста, оңтүстік-батыста және шығыста жауын-шашынсыз ашық ауа райы сақталады.

Батыс өңірлерде аптап ыстық күшейеді. Маңғыстау облысында күндіз ауа температурасы +38…+42°C-қа дейін көтеріліп, өте қатты ыстық болады. Атырау облысында температура +35…+38°C аралығында сақталады. Ал Батыс Қазақстан облысында күндіз ауа температурасы +35°C-қа дейін көтеріледі.

Республика бойынша жел күшейіп, оңтүстікте шаңды дауыл туындайды. Солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнде және таңертең тұман түседі.

Елдің басым бөлігінде құрғақшылық пен ыстыққа байланысты өрт қаупі жоғары. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Қостанай, Маңғыстау, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының кей өңірлерінде төтенше өрт қаупі сақталады. Қостанай, Ақмола, Павлодар, Алматы және Абай облыстарының өзге аудандарында жоғары өрт қаупі жарияланды.