Соңғы алты жылда елдегі газдандыру деңгейі 51%-дан 64,2%-ға дейін өсті
Қазақстанда халықтың табиғи газға қолжетімділігін кеңейту бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. Соңғы алты жылда елдегі газдандыру деңгейі 51%-дан 64,2%-ға дейін өсті. Осы кезеңде шамамен 4 млн қазақстандық табиғи газға қол жеткізді — газбен қамтамасыз етілген халық саны 9,1 млн адамнан 13,1 млн адамға дейін артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы жылдары газдандыру жұмыстарына 1 мыңнан астам елді мекен қамтылып, 20 мың км газ тарату желісі салынды.
Көрсеткіштің өсуі газ тасымалдау және газ тарату жүйелерін дамытуға, сондай-ақ жаңа елді мекендерді газға қосуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде қамтамасыз етілді.
Тек 2025 жылдың қорытындысы бойынша 94 елді мекендегі 354 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Бір жыл ішінде шамамен 2 мың км газ тарату желісі салынды.
2026 жылы газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 40 жоба іске асырылуда, оның ішінде 7 өтпелі және 33 жаңа жоба бар. Жобаларды іске асыру аясында биыл тағы шамамен 36 мың адам табиғи газға қол жеткізеді деп күтілуде.
Солтүстік өңірлерді газдандыру үшін «Ишим – Астана» магистральдық газ құбырын салу жобасының маңызы зор. Оны іске асыру жөніндегі меморандумға Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында қол қойылды. Жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Газдандыруды одан әрі кеңейту Мемлекет басшысының халықтың табиғи газбен қамтамасыз етілу деңгейін 2035 жылға қарай 80%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады.
Газдандыру елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Халықтың табиғи газға қолжетімділігін кеңейту өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлерді дамытуға және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.