Қостанайда салық мекемесінің бұрынғы басшысы сотталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Аязбек Құлназаровқа қатысты сот үкімі шықты

Фото: © istockphoto.com

Қостанай облысында Қарасу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бұрынғы басшысы Аязбек Құлназаровқа қатысты сот үкімі шықты. Шенеунік ірі мөлшерде алаяқтық жасауға оқталды деп айыпталып, сот залында қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу мәліметінше, 2026 жылдың наурызында шенеунік шаруа қожалығының жетекшісіне «18 миллион теңге салықтық сәйкессіздік бар» деп жалған ақпарат берген. Кейін бұл мәселені оның ұлы арқылы 7 миллион теңгеге оңтайлы шешіп беруді ұсынған.

Алайда кәсіпкердің ұлы бұл жайт туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментіне шағымданған.

ҰҚК қызметкерлері Аязбек Құлназаровты аудандық әкімдік ғимаратының жанында 5 миллион теңгені алып жатқан сәтінде қолға түсірді. Тексеріс барысында шаруа қожалығында ешқандай салықтық қарыз болмағаны анықталды.

 Экс-шенеунік сотта өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды және оның орнына айыппұл тағайындауды сұраған. Алайда сот қылмыстың ауырлығын ескеріп, оны 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. 

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.