Шымкентте «Машат Арасан» лагері балаларды жаңа маусымға қабылдады

Автор: Дәулет Ботагөз

Қала меншігіне өткен балалар лагері 15 тамыздан бастап алғашқы он күндік ауысымға 281 баланы қабылдады

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мүмкіндігі кеңейіп келеді. Қала меншігіне өткен «Машат Арасан» балалар лагері 15 тамыздан бастап алғашқы он күндік ауысымға 281 баланы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Лагерьде әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардан шыққан 7-16 жас аралығындағы балалар тегін демалып жатыр. Балалардың лагерьдегі шығыны толықтай қала бюджетінен қаржыландырылады.

Машат шатқалында орналасқан лагерь аумағында спорттық және шығармашылық демалысқа қажетті жағдай жасалған. Балалар футбол, баскетбол, волейбол, шахмат және дойбы үйірмелеріне қатысып, КВН, викторина және түрлі отрядтық іс-шараларға белсенді араласуда.

Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету үшін ауысымда тәжірибелі тәрбиешілер, жетекшілер және спорт мамандары жұмыс істейді. Сондай-ақ балаларға күніне бес мезгіл тамақ беріледі.

Алғашқы ауысым 25 тамызда аяқталады. Ал келесі жылдан бастап лагерьде сегіз ауысымға дейін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жайлы коттедждердің болуы алдағы уақытта балалар лагерінің жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.