СҚО-да шетелдік азаматтар мінген автобустан өрт шықты

Автор: Асыл Арман

Автобуста Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасының азаматтары болған

Фото: ҚР ТЖМ/Видеодан скрин

Солтүстік Қазақстан облысында Белое ауылының маңында Сургут – Тәжікстан бағытымен қатынап келе жатқан жолаушылар автобусының дөңгелегі өртенді. Автобус салонында Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасының азаматтары болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ТЖМ-ға сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, өртке тежегіш қалыптарының кептеліп қалуы себеп болған. Соның салдарынан автобустың оң жақ дөңгелегі өртеніп, кейін түтін шыққан.

ТЖМ бөлімшелері оқиға орнына жеткенге дейін Белое ауылының «Ауыл құтқарушылары» еріктілері келіп, қажетті шараларды қабылдап, өртті оқшаулаған. Барлық жолаушы автобустан өздігінен шыққан.

«Оқиға орнына келген ТЖМ бөлімшесі өрт сөндіру құрылғысын беріп, қайта тұтану қаупін болдырмау үшін өрт шыққан жерге су шашу жұмысын жүргізді», – деп хабарлады ТЖМ.

Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.