«Бұрыннан мазалап жүрген еді»: Рыбакина Швентекпен ойындағы жарақаты жайлы айтты

Автор: Асыл Арман

Теннисшінің айтуынша, Канада мен Цинциннатиде көп матч өткізуі жарақаттың асқынуына әсер еткен

Фото: wtatennis.com

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Цинциннати қаласында өтіп жатқан турнирдің ширек финалындағы Ига Швёнтекке қарсы матчты сол жақ тобығының жарақатына байланысты жалғастыра алмады. Кездесу поляк теннисшісінің пайдасына 4:1 есебімен аяқталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі wtatennis.com-ға сілтеме жасап хабарлайды..

Матч кезінде Рыбакинаның жарақаты сыр берген. Дәрігерлер тексергеннен кейін қазақстандық спортшы кездесуді жалғастырмау туралы шешім қабылдады.

Кейін Рыбакина тобығының бұрыннан мазалап жүргенін, алайда хардтағы соңғы турнирлерге дейін жағдайды бақылауда ұстап келгенін айтты.

«Әрине, қазір өзімді жақсы сезініп тұрған жоқпын. Допты ұрар сәтте сол аяғыммен итеріле алмадым. Жүрудің өзі ауыр. Ертең МРТ-дан өткеннен кейін жағдайды нақтырақ білеміз», – деді Рыбакина.

Теннисшінің айтуынша, Канада мен Цинциннатиде көп матч өткізуі жарақаттың асқынуына әсер еткен.

«Бұл жарақат мені ұзақ уақыттан бері мазалап жүрді. Бәрі бақылауда болды. Бірақ Канададағы көп матчтан кейін және мұнда қатарынан екі кездесу өткізген соң, ауырсынуды қаттырақ сезіне бастадым. Фрэхпен болған матч жаңбырлы болған соң, ертеңінде бір күн толық демалдым. Матч алдында бәрі қалыпты еді. Өкінішке қарай, бір ғана дұрыс емес қозғалыс, бір сәттегі секіру. Осыдан кейін бір нәрсе болғанын сездім», – деді спортшы.

Әлемдік рейтингте 1-орында келе жатқан Арина Соболенконың төртінші айналымда Сара Бейлектен жеңілуінен кейін Рыбакина әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілуге мүмкіндік алған еді. Ол үшін қазақстандық теннисші Цинциннати турнирінің финалына дейін жетуі керек болатын.

Алайда ширек финалда жарысты жалғастыра алмауына байланысты бұл мүмкіндік жүзеге аспайтын болды. Осылайша Соболенко US Open турнирі қарсаңында әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалады.

Ига Швёнтек матчтан кейін қарсыласының жарақатына алаңдағанын айтты.

«Еленаның жағдайы дұрыс болады деп үміттенемін. Келесі турнир – басты мақсат. Бұл турнирдің де маңызды екенін білемін. Бірақ US Open ол – US Open. Оның дайын болатынына үміттенемін. Ол әлемнің бірінші ракеткасы атануға өте жақын еді. Өкінішті. Меніңше, біз жақсы матч ойын өткізіп жатқан едік. Бірақ денсаулық – бәрінен маңызды», – деді Швентек.