2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр
Швейцарияның Альпі тауларында әлемдегі дәулетті адамдарға арналған жерасты қорғалған қоймалары бар кешен салынып жатыр. Таудың 100 метрден астам тереңдігінде орналасатын арнайы орындарда алтын, ақша, өнер туындылары, тіпті қымбат көліктерді де сақтауға болады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жобаны кәсіпкер Томас Гассерге тиесілі Brünig Mega Safe AG компаниясы салып жатыр. Құрылыс жұмысы 2026 жылдың қаңтарында басталған. Компания өкілі Хуго Шиттенхельмнің айтуынша, жоғары деңгейде қорғалған кешен құрылысының негізгі кезеңі аяқталған. Ал алғашқы қоймаларды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бір қойманың құны 1 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін. Клиенттерге оны 99 жыл мерзімге пайдалану құқығы беріледі. Алғашқы келісімшарттар да жасалып қойған.
Жалпы тау қойнауында 20-дан 25-ке дейін жеке қойма орналастыру жоспарланған. Оларды пайдалану құқығы жер тізіліміне енгізіледі. Сондықтан бұл нысандар кәдімгі банк ұяшығынан гөрі жылжымайтын мүлікке көбірек ұқсайды.
Жоба авторлары қоймалардағы мүліктің ұрлықтан, шабуылдардан және кез келген табиғи апаттан қорғалатынын айтып отыр.
Кешенге кіру үшін бірнеше деңгейлі тексеруден өту қажет болады. Томас Гассердің айтуынша, келушілер арнайы шлюз жүйесінен өтіп, бірнеше бақылау рәсімінен кейін ғана қорғалған аймаққа кіре алады.