Ер адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалды
Алматыда қоғамдық көлікте орынға таластан басталған жанжал төбелеске ұласып, соңы пышақтасуға ұласты. Желіде тараған видеода екі ер адамның жанжалдасып, үшіншісінің пышақ ала жүгірген сәті таспаланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы оқиғаға байланысты Түрксіб аудандық полиция басқармасы шұғыл түрде қылмыстық іс қозғады. Азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қоғамдық тәртіпті дөрекі бұзған күдіктілер із суытпай ұсталып, Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына жабылды.
Жанжалға қатысы бар әрбір тұлғаның әрекетіне құқықтық әрі принципті баға беріледі.
«Мұндай агрессивті әрі қоғамға қауіпті мінез-құлыққа мүлдем жол берілмейді. Кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық көлемде жауапқа тартылады», - деп хабарлады департамент.
Полиция тұрғындарды арандатушылыққа бой алдырмауға, әрі кез келген келіспеушілікті күш қолданбай, тек бейбіт әрі заңды жолмен шешуге шақырады.