Шектеулер ирандықтардың құқығын шектейді
Иранның сыртқы істер министрлігі АҚШ әкімшілігінің елге қарсы енгізген жаңа әрі ауқымды санкцияларына қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Таяу Шығыстағы шиеленістің жаңа толқыны аясында жасалған бұл хабарламаны халықаралық басылымдар кеңінен таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Иран сыртқы істер министрлігі Вашингтонның бұл әрекетін «экономикалық терроризм» және «адамзатқа қарсы қылмыс» ретінде бағалады.
Санкциялардың жариялануы Ирандағы 1953 жылғы мемлекеттік төңкерістің жылдығымен тұспа-тұс келді. Тегеран бұны АҚШ-тың иран халқына қарсы ондаған жылдар бойы жүргізіп келе жатқан саясатының кезекті көрінісі деп атады.
Ауқымды шектеулер қарапайым Иран азаматтарының негізгі құқықтары мен тұрмыс-тіршілігіне тікелей нұқсан келтіретіні атап өтілді.
Соңғы 1,5 жылда АҚШ пен Израиль тарапынан Тегеранға өз шартын таңу үшін жасалған қысымдар сәтсіз аяқталғаны хабарланды. Мұндай шаралар иран халқының өз тәуелсіздігі мен ұлттық суверенитетін қорғау жігерін жасыта алмайды.