Үміт табиғи ортаға бейімделіп, өз бетінше аң аулай бастаған
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында табиғи ортаға жіберілген Үміт жолбарысының алғашқы он күні оның жаңа жағдайға сәтті бейімделіп келе жатқанын көрсетті. Жыртқыш аң өз бетінше аң аулай бастаған. Мамандар оның қозғалысын GPS құрылғысы мен фототұзақтар арқылы күн сайын бақылап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 20 тамызда Үміттің Қазақстандағы алғашқы он күні қалай өткенін айтып берді.
Осы уақыт бойы мамандар жолбарыстың қозғалысын бақылап, ол болған жерлерді зерттеп келеді. GPS қарғыбау Үміттің қай аумақта жүргенін анықтауға мүмкіндік береді. Осы мәліметтерге сүйене отырып, мамандар сол жерлерге барып, далалық зерттеу жүргізеді.
Алғашқы күндердің өзінде жолбарыстың өз бетінше аң аулай алатыны белгілі болды.
«Мониторинг барысында жолбарыстың қасқырды аулап, бірнеше күн бойы сол олжамен қоректенгені анықталды. Кейін ол жабайы қабанды да сәтті аулады. Бұл – Үміттің жаңа ортаға бейімделіп, табиғи жағдайда өз бетінше тіршілік ете бастағанын көрсететін маңызды белгі», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен.
Қазір мамандар оның қозғалысын күн сайын бақылап, табиғи ортаға бейімделу процесін қадағалауды жалғастырып жатыр.
«Алғашқы 10 күннің нәтижесі Үміттің жабайы табиғатта өз бетінше өмір сүруге бейімделу процесі сәтті өтіп жатқанын көрсетеді», – деп хабарлады комитеттен.
Табиғатқа жіберілгеннен кейін Үміт әлеуметтік желінің нағыз жұлдызына айналды. Жолбарыстың тіршілігін мамандар ғана емес, қазақстандықтар да бақылап жүр. Қолданушылар жасанды интеллект көмегімен Үміт туралы көптеген ролик жасап жатыр. Солардың арасында Qreative_qazaq авторының Үміттің Балқаштағы оқиғалары туралы ЖИ-мини-сериалы ерекше танымал болды.
Онда жолбарыс жабайы табиғаттағы жаңа өмірінде болған нақты оқиғаларға негізделген қызықты хикаялардың басты кейіпкеріне айналған. Көпшілікке кеңінен танылған оқиғалардың бірі қабанға арналған. Мамандар мониторинг кезінде Үміттің оны шынымен де өз бетінше аулағанын анықтаған.
ЖИ-сериалда бұл оқиға жолбарыс пен қабанның күлкілі хикаяларынан тұратын тұтас серияға айналған. Роликтер жүздеген мың, тіпті миллиондаған қаралым жинап жатыр. Ал көрермендер пікірлерінде жаңа сериялардың шығуын күтіп жүргендерін жазуда.