«4,5 млн теңгені қарызға беріп, кейін сотпен қорқытты»: Ұлдана Мырзуанның анасы күйеу баласы туралы сұмдық жайды әшкере етті

Автор: Аягөз Құрмаш

Сәлима Омарова 4,5 млн теңгені қызының қайтыс болуына байланысты берілген материалдық көмек ретінде емес, қарыз ретінде алғанын айтты

Фото: Сот отырысынан скриншот

Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында Ұлдананың анасы Сәлима Омарова жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осыған дейін Әділет Зейнелге берілген 20 млн теңгенің 4,5 млн теңгесі Ұлдананың ата-анасына берілгені айтылған. Алайда Сәлима Омарова бұл ақшаны олар қарызға алғанын жеткізді. 

Сәлима Омарова 4,5 млн теңгені қызының қайтыс болуына байланысты берілген материалдық көмек ретінде емес, қарыз ретінде алғанын түсіндірді. 

Оның айтуынша, бұл қаражатты үлкен қызы Әділеттен қарызға сұраған. Кейін аталған 4,5 млн теңгені қайтару мәселесі болған және ол соманы мамыр айында қайтару жайлы сөз болған. 

«Сол 4,5 миллион теңгені бастапқыда қызымның қажетіне байланысты алған болатынбыз. Кейін үлкен қызым Әділден осы соманы қарызға бере тұруын сұрадық. Алғашында бұл қаражатты белгілі бір мерзімге дейін пайдаланып, кейін өзіміз қайтарып береміз деп жоспарлағанбыз. Негізінде, бұл соманы бізге Әділет қарыз ретінде берген. Кейін аталған 4,5 миллион теңгені мамыр айында қайтару жайлы сұрап, сот арқылы қайтаратындарын жеткізді», - дейді Ұлдананың анасы.