Павлодарда ломбард қызметкері казино ойнау үшін клиенттердің алтынын ұрлаған

Автор: Асыл Арман

Ол жалпы сомасы 15 млн теңге ұрлаған

Фото: istockphoto.com

Павлодарда ломбард қызметкері клиенттердің алтын бұйымдарын алып, оларды басқа ломбардтарға өткізіп отырған. Түскен ақшаны онлайн-казиноға жұмсаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Pavon.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол ломбардта аға тауартанушы-бағалаушы-кассир болып жұмыс істеген және материалдық жауапты тұлға болған. 2026 жылдың наурыз айында ол сейфтен клиенттерге тиесілі алтын әшекейлерді алып, басқа ломбардтарға өткізе бастаған.

Жалпы ол 26 алтын бұйымды, оның ішінде сақина, сырға, алқа және бойтұмарларды қолды еткен. Ұрланған алтын бұйымдардың жалпы құны 5 795 390 теңгені құраған.

Павлодарлық әйел түскен ақшаны онлайн-казинода бәс тігуге жұмсаған. Оның айтуынша, ұтысқа ие болып, кейін алтын бұйымдарды қайта сатып алып, орнына қоюды жоспарлаған.

«Осылайша жалпы құны 5 795 390 теңге болатын алтын бұйымдарды қолды еткен. Алынған ақшаға көбірек ұтып, бұйымдарды қайта сатып алып, орнына қою мақсатында онлайн-казино ойнай бастады. Алайда ойнаған сайын ұтыла беріп, ақшадан айырыла бастаған», – делінген Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.

Ақшасы таусылғаннан кейін әйел мамыр айында одан да ірі қадамға барып, ломбард кассасынан 10 миллион теңгеден астам қаржыны алып кеткен. Қаражаттың жоғалғаны анықталған соң, қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сотта әйел өз кінәсін толық мойындады. Оған рақымшылық жасау туралы заңды ескере отырып, 3 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сот әйелді келтірілген шығынды өтеуді міндеттеді. Өтелуі тиіс залалдың жалпы сомасы 15 миллион теңгеге жуық.