Ол жағдайды құдағиы айтқанын жеткізді
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Омарова қызының өліміне қатысты сотта сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тұрмыстамын, Ұлдананы қосқанда үш қызым бар еді. Түркістан облысының Жетісай жеріненбіз. Қазір Астанада тұрамын»,- деді Сәлима Омарова.
Ұлдананың анасы айтқандай, 8 қарашада қызымен видео арқылы сөйлескен.
«Мен сол күні Шымкентке баруым керек едім. Видеоны сөндіріп сөйлесейік дедім. Ол қазір бір шақыртуға шығамын деді. Мен қызыма әр шақырту сайын хабарласып отыруын сұрайтынмын. Ол барлығын ескертіп отыратын. Сол күні қайда бара жатқанын айтпады. Шақыртуға бара жатқан кезде көбірек сөйлесейікші деп айтты. Мен дүкенге барып азық-түлік алу үшін асығып тұрдым. Дүкенге бару үшін 30 минут уақыт керек болды. Қызым шақыртуға келгенін, шыққан соң хабар беретінін айтты», - деді Омарова.
Сәлима Ешанқұлқызы дүкенде зат алып жатқанда Әділеттің анасы хабарласқан.
«Құдағи хабарласқанда дауысы басқаша болып тұрды. Уайымдап тұрғандай болды. Құдағи Ұлдананың үстіне дүкеннің қабырғасы құлап кетті деді. Мен жаңа ғана қызыммен сөйлестім ғой деп абдырап қалдым. Құдағидің соңынан үлкен қызым хабарласып ауруханаға тезірек кел деп айтты. Абдырап дүкенде отырып қалдым. Жан-жағымдағы адамдар су әкеліп, ес жинадым. Дереу үйге келіп, таксимен шығым кеттім. Ұшаққа билет алып, кешкі 8 шамасында бірден ауруханаға жеттік», - деді ол.
Сәлима Омарова ауруханаға жеткенде бала-шағасы мен Әділет, оның анасы күтіп алған.
«Менің сұрағыма ешкім жауап бере алмады. Операция енді жасаған соң, мені кіргізбеді. Жансақтау бөлімінде біз күзетіп отырдық. Маған қызымның жағдайын ешкім ашып айтпады», - деді ол.
Сәлима Ешанқұлқызы Ұлдананың жанында бірнеше адам жатқанын айтты.
«Қызымның жағдайы осындай болады деп үш ұйықтасам да ойламадым. Мен «қызым, қайта хабарласам дедің ғой» деп айтқым келді, ол мені естімей жатқанын білдім. Сыртқа шыққанда өзегім өртенді», - деді Сәлима Омарова.