Құтыру дерегі маусым айында анықталған
Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Тайынша қаласында үй мысығынан құтырма ауруы анықталуына байланысты шектеу шаралары енгізілді. Қауіпті инфекция адамға жұғып, өлімге әкелуі мүмкін. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Qazaqstan Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық инспекциясы растады. Құтыру дерегі маусым айында анықталған.
Бұл – биыл Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген құтыру ошақтарының алғашқысы емес. 5 наурызда Есіл ауданындағы Амангелді ауылында да құтыру ауруы анықталған болатын. Ол жерде инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қажетті ветеринариялық шаралар жүргізілді. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін 18 мамырда енгізілген шектеу шаралары алынды.
Бұдан бөлек, Есіл ауданының Ильинка ауылында тағы бір қауіпті ауру ошағы – бруцеллез тіркелді. Онда шектеу шаралары 3 наурызда Ильинка ауылдық округі әкімінің шешімімен енгізілген. Ветеринариялық-санитариялық шаралар жүргізілгеннен кейін ауру ошағын шамамен бір ай ішінде жойылды.