Павлодарда жеңіл көлік пен Газель жүргізушісі тротуармен жүріп, қауіп төндіргені анықталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтар үшін 370 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Фото: Видеодан скрин

Павлодарда полиция Металлургтер саябағындағы жаяу жүргіншілер жолымен көлік жүргізген екі жүргізушіні жауапқа тартты. Жол ережесінің бұзылған сәті видеоға түсіп қалған. Оқиға әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.

Видеожазбада Kia K5 маркалы автокөлік жүргізушісінің жаяу жүргіншілерге арналған тротуармен жүргені көрінеді. Сонымен қатар дәл осындай заң бұзушылықты Газель автокөлігінің жүргізушісі де жасаған.

«Құқық бұзушылар анықталды. Жаяу жүргіншілер жолдарымен, жол жиектерімен және тротуарлармен жүргені үшін жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.

Айта кетейік, жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтар үшін 370 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полиция ескертеді: саябақтар мен басқа да қоғамдық орындар, ең алдымен, азаматтардың қауіпсіз демалысына арналған. Жүргізушілер Жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң сақтап, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне құрметпен қарауы қажет.