«Басты дебат – 2026»: партиялар халықтың қандай мәселелерін көтерді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жалпы, алғашқы кезеңде жеті партия экономиканы дамыту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік әділеттілік мәселелерін көтерді

Фото: 24KZ

Құрылтай сайлауы қарсаңында «Басты дебат – 2026» телевизиялық пікірталасының алғашқы кезеңінде жеті саяси партия өздерінің негізгі ұстанымдары мен сайлауалды бағдарламаларындағы басым бағыттарды таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Respublica партиясы сайлауалды науқан барысында 20 өңірді аралап, 700-ден астам кәсіпорынға барғанын, 15 мың шақырым жол жүріп, 1,5 миллион адаммен кездескенін атап өтті. Партия өкілі халықтың пікірін тыңдап, ел алдында есеп бергенін айтып, партияның негізгі ерекшелігін «нақты істер партиясы» ретінде сипаттады. «Біз нақты істер партиясымыз», – деді спикер. Оның айтуынша, халықтың қазіргі басты сұранысы – табыстың өсуі мен бағаның тұрақтылығы.

«Елдің дамуы дегеніміз – адамның таңнан кешке дейін жұмыс істеуі емес, жоғары жалақы, зейнетақы, сапалы білім мен медициналық қызметпен қамтамасыз ету», – деді ол.

Партия отандық өндірісті барынша қолдауды, мемлекеттік қолдауды өндірісті арттыратын жобаларға бағыттауды ұсынды. Партия өкілінің айтуынша, бұл зауыттардың жұмыс істеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан мегажобаларды қолдап, олардың санын арттыру қажет екенін айтты. Электр станциялары, ірі жолдар, энергетика және су қоймалары секілді жобалар экономикалық өсудің маңызды тетіктері ретінде аталды.

«Байтақ» жасылдар партиясы өз таныстырылымында табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны сақтау мәселесіне басымдық берді. Партияның негізгі идеологиясы табиғатты келер ұрпаққа аман жеткізу екеніне тоқталды.

«Табиғатты біз ұрпақтан қарызға алдық. Ұрпаққа әдемі күйінде, қорғап, сақтап, аялап жеткізу – біздің партиямыздың негізгі мақсаты, негізгі идеологиясы», – деді партия өкілі.

Партия экологиялық керуен өткізіп, оның Аралдан басталғанын атап өтті. Арал теңізінің тартылуын әлемдік деңгейдегі экологиялық апат ретінде бағалаған спикер Қазақстандағы су ресурстарының болашағына алаңдаушылық білдірді.

«Егер біз Аралға қайтатын болсақ, Балқаштан айырыламыз, Каспийден айырыламыз, Сырдариядан және тағы басқа көлдерден айырыламыз», – деді ол.

Ауыз су тапшылығы мен климаттың өзгеруі де өзекті мәселелер ретінде көтерілді. Экологиялық ахуалы күрделі өңірлерде қоршаған ортаның адам денсаулығына әсерін заңнамалық тұрғыдан нақты бекіту қажеттігі айтылды. Партия Құрылтайда экологиялық заңнаманы күшейтіп, оның талаптарының министрліктер, әкімдіктер мен кәсіпорындар тарапынан орындалуын бақылауды ұсынды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы бұған дейін көтерген мәселелері мен заңнамалық бастамаларын атап өтті. Партия өкілі 2012 жылдан бері Мәжілісте бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, көптеген заңдардың қабылдануына бастамашы болғанын айтты. Атап айтқанда, заңсыз шығарылған капиталды қайтару және дерегализация, Кәсіпкерлік кодекс, мемлекеттік сатып алу, парламенттік оппозиция және азаматтардың кредиттік жүктемесін азайту мәселелері сөз болды.

«Біз 2012 жылдан бері Мәжілісте басқа партиялар ашық айта алмаған сұрақтарды көтеріп, көптеген заңдардың қабылдануына бастамашы болдық», – деді спикер.

Партияның алдағы міндеттерінің бірі ретінде Қазақстанның егемендігі мен ұлттық мүддесін қорғау, шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтарып, халық игілігіне жұмсау қажеттігін айтты.

«Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтару, халықтың игілігіне жұмсау тиіс», – деді ол.

Сонымен қатар отандық өндірісті, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беру және негізсіз тексерулерді тоқтату ұсынылды. Партия еңбек ететін адамға жол ашып, ел байлығын халық игілігіне жұмсауды мақсат ететінін айтты. Әлеуметтік бағытта тұрақты жұмыс, лайықты жалақы, жеке кәсіп ашуға мүмкіндік беру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынылып, әр бала дүниеге келген сайын ипотекалық мөлшерлемені кезең-кезеңімен 25 пайызға төмендету туралы бастама ұсынылғаны айтылды.

«Әділет» партиясы Қазақстанның даму бағыты халықтың таңдауы арқылы айқындалғанын айтып, Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына саяси тірек болатынын мәлімдеді. Партияның бес негізгі қағидаты ретінде әділет, отаншылдық, прогресс, жауапкершілік және еңбекқорлық аталды.

«Біздің бес қағидатымыз бар. Әділет, отаншылдық, прогресс, жауапкершілік және еңбекқорлық», – деді партия өкілі.

Оның айтуынша, әділет идеологиясы саяси мәдениеттің ғана емес, күнделікті өмірдің де ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Партия соңғы бір айда ел өңірлерінде 21 мың іс-шара өткізіп, 6 миллион адаммен бетпе-бет кездескенін мәлімдеді. Бағдарламада халықты толғандыратын негізгі мәселелер қамтылғанын айтты. Партия әр отбасы баспаналы болуы керек деген ұстанымда. Осы мақсатта 2031 жылға қарай жан басына шаққандағы тұрғын үй көлемін 30 шаршы метрге жеткізу мақсаты қойылған.

«Біз әр отбасы баспаналы болуы керек деп санаймыз», – деді спикер.

Сонымен қатар әр адамның тұрақты жұмысы мен лайықты жалақысы болуы үшін 1 миллион жаңа сапалы жұмыс орнын ашу ұсынылды.

«Әр адамның тұрақты жұмысы мен лайықты жалақысы болуы керек», – деді ол.

Ұлттық қауіпсіздік пен ел егемендігін қамтамасыз ету де партияның маңызды бағыттарының бірі ретінде аталды.

«Ауыл» партиясы ауыл мен қаланың дамуын біртұтас қарастыру қажеттігін айтты. Партияның негізгі ұстанымдары адам, еңбек, туған жер және қуатты Қазақстан екені атап өтілді.

«Біз үшін ауыл мен қала – біртұтас Қазақстан. Ауыл дамыса, қала нығаяды. Аймақтар қуатты болса, мемлекет қуатты», – деді партия өкілі.

Партия ауылдарда 7 миллионнан астам адам тұратынын айтып, ауылды үлкен еңбек күші, нарық және мүмкіндік ретінде бағалады. Ауыл Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігінің тірегі ретінде көрсетілді. Партия Қазақстанды халықты сапалы азық-түлікпен толық қамтамасыз ететін, дайын өнім шығаратын және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті қуатты аграрлық мемлекетке айналдыруды мақсат ететінін айтты. Бағдарламада әділетті мемлекет, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, отбасы институты және экология секілді жеті басымдық қамтылған. Нақты ұсыныстардың қатарында 1,6 миллион жеке қосалқы шаруашылықты қаржы мен нарыққа қосу, оларды болашақта кооперативтерге біріктіру, ауылдар мен өңірлерге агробанк ашу бар. 

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өзін әлеуметтік әділеттілік пен теңдік ұстанымындағы саяси күш ретінде таныстырды. Партия үшін азаматтардың тек еңбек етуі емес, еңбегіне сай табыс алуы маңызды екенін айтты.

«Біз үшін адамдардың тек еңбек ете алуы емес, сол еңбегіне сәйкес табыс алуы маңызды», – деді спикер.

Партия бағдарламасында зейнет жасын төмендету, жәрдемақыларды көбейту, төрт күндік жұмыс аптасын енгізу, сыбайлас жемқорлықпен күресу секілді ұсыныстар бар екені айтылды. Партия өз бағдарламасын қоғамның нақты сұраныстары мен қазіргі заманғы сын-қатерлерге негізделген кешенді бағдарлама ретінде бағалады. Сонымен бірге партия өкілі өзге алты партияға сыни баға берді. Оның айтуынша, басқа партиялардың барлығы дерлік бизнес мүддесін лоббилеумен байланысты. 

«Біз қарапайым адамдардың мүддесін көрсететін және азаматтардың ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыратын социал-демократия идеяларын табысты ілгерілеттік», – деді партия өкілі.

Қазақстан Халық партиясы елдің даму деңгейі қарапайым еңбек адамының өмірінің жақсаруымен өлшенуі керек деген ұстаным білдірді.

«Халықтың әл-ауқаты – мемлекеттің күші», – деді партия өкілі.

Оның айтуынша, мемлекеттік саясаттың басты мақсаты қазақстандықтардың басым бөлігінің әл-ауқатын арттыру болуы керек. Партия өкілі соңғы 25 жылда экономиканың 6,5 пайызға өскенін атап өтіп, осы өсімнің қарапайым қазақстандықтың дүкенде немесе базарда сезінуіне қатысты сұрақ қойды. Елде бизнесті қолдаудың 131 мемлекеттік шарасы барын, мыңдаған кәсіпорынға триллиондаған теңге кредит пен субсидия берілгенін айтып, мемлекеттік қолдаудың игілігі халықтың басым бөлігіне жетіп жатыр ма деген мәселе көтерді.

«Бірақ бұл игілікті қазақстандықтардың басым бөлігі сезіне алып отыр ма? Мәселе – осында», – деді спикер.

Партияның пікірінше, мемлекеттік қолдаудың нәтижесін сауда желілері мен шикізат монополиялары емес, еңбек адамы мен ұлттық орта тап сезінуі тиіс. Елдің экономикалық жетістігін азық-түлік бағасы, сапалы медицина мен білімнің қолжетімділігі және жұмыс істейтін адамның ертеңгі күнге сенімділігі арқылы бағалау ұсынылды. Монополияларға толық тыйым салу емес, оларды әділ реттеу қажеттігі айтылды.

«Біздің жолымыз – монополияларға тыйым салу туралы ұран емес, оларды әділ реттеу», – деді партия өкілі.

Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту, өңдеуші кәсіпорындар мен машина жасау саласына ірі кәсіпорындармен тең құқықты келісімдер жасауға мүмкіндік беру, саудадағы жоғары банктік комиссияларды төмендету мәселелері көтерілді.

Жалпы, алғашқы кезеңде жеті партия экономиканы дамыту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік әділеттілік, ауыл мен агросекторды қолдау, экология, ұлттық мүдде, тұрғын үй, жұмыспен қамту және шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін көтерді. Партиялардың басым бөлігі нақты әлеуметтік-экономикалық ұсыныстарын ортаға салса, ЖСДП өзге саяси күштердің ұстанымдары мен сайлауалды науқанына тікелей сын айтты. Осылайша, алғашқы кезең партиялардың өз бағдарламаларын таныстыруымен қатар, олардың елдің негізгі мәселелерін шешуге қатысты айырмашылықтарын да көрсетті.