Бурабайда монтер байланыс мұнарасынан құлап, бірнеше жерінен жарақат алды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам 5-7 метр биіктікте жұмыс істеген

Фото: ЖИ арқылы жасалды

Ақмола облысының Бурабай ауданында байланыс мұнарасында жұмыс істеп жүрген монтер биіктіктен құлап, жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам 5-7 метр биіктікте жұмыс істеген. Бір сәтте сақтандыру арқаны үзіліп, жұмысшы жерге құлаған. Оқиға орнына жедел қызметтер келген. Зардап шегуші бірнеше жерінен сынып, жарақат алған.

Қазіргі таңда монтердің қай компанияда жұмыс істегені анықталып жатыр. Оның «Қазақтелеком» АҚ қызметкері ме, әлде ұялы байланыс операторларының біріне қарасты ұйымның жұмысшысы ма екені әзірге белгісіз.

Ақмола облысының еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, жұмыс берушіден жазатайым оқиға туралы хабарлама түспеген.

«Осы жағдай бойынша Ақмола облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментіне жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы хабарлама түскен жоқ, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда», - делінген хабарламада.