Шыңғыс Таңатпаев модельдік карьерасын 17 жасында бастаған
Бір кездері әлемнің сән подиумдарында жүріп, әйгілі брендтердің киімдерін көпшілікке таныстырған Шыңғыс Таңатпаев қазір әскери форма киіп, Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Шыңғыс Таңатпаев модельдік карьерасын 17 жасында бастаған. Бойы мен келісті келбеті оны сән индустриясына жетелеп, халықаралық подиумдарға шығарған. Ол Францияның әйгілі Pierre Cardin сән үйінің, Италияның Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің киімдерін көрсетіп, әлемнің түрлі елдерін шарлаған.
Ал бүгінде ол әскерге келіп, подиумдағы нық қадам саптағы әскери жүріске ауысқан. Бір қарағанда, модельдік өнер мен әскери қызметтің арасы жер мен көктей көрінуі мүмкін. Алайда екеуіне де ортақ дүние бар. Ол – тәртіп пен жинақылық. Подиумда өзін еркін әрі сенімді ұстай білу қажет болса, әскери қызметте де әр қимылға жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырманы дәл орындау маңызды.
«Сарбаз қазіргі уақытта Қарағанды қаласының қоғамдық қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосып жүр. Күн сайын әскери міндетін абыроймен атқарып, бұқаралық іс-шаралар кезінде және адам көп шоғырланған орындарда қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды. Қызмет барысында тұрғындармен тікелей байланысып, түрлі жағдайларда көмек көрсетуге де атсалысады. Ата-анасынан адасып қалған балаларды тауып, оларды жақындарына табыстауға, сондай-ақ тұрғындардың жоғалған бағалы заттарын қайтаруға көмектескен кездері бар», – делінген Ұлттық ұлан хабарламасында.
Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық күн сайын елдің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқарады. Ал шахтерлер қаласында бұл қызметті орындауға күніне 250-ден астам сарбаз жұмылдырылады.