Абай облысында ішіп алған ер адам көлік жүргізіп, полициядан қашты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Сот шешімімен ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке қамауға алынды

Фото: Видеодан скрин

Абай облысының Бесқарағай ауданында ішіп алған ер адам ВАЗ-2114 автокөлігін жүргізіп, полициядан қашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бесқарағай ауданында полиция қызметкерлері Әуезов көшесінде 27 жастағы жүргізушіні тоқтатпақ болған. Алайда ол полицейлердің заңды талабына бағынбай, қашпақ болған. Көп ұзамай жүргізуші тоқтатылып, оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

«Сот шешімімен 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды; 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Мас күйде рөлге отыру – тек өз өміріңді емес, жолдағы өзге адамдардың да өмірін қатерге тігу. Бір сәттік шешімнің салдары жылдарға созылуы мүмкін. Рөлге отырмас бұрын ойлан. Қауіпсіздікті таңда», – делінген ПД хабарламасында.